Елімізде ең үздік жасыл технологиялар жобасы анықталды

Астанада ауылдық жерлерде суды үнемдейтін технологияларды енгізуге бағытталған республикалық «Water in Aul» байқауында жеңіске жеткен қатысушылардың есімдері белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Байқауға республика бойынша 43 бизнес жоба және 46 демонстрациялық жоба келіп түскен. Қазылар алқасы екінші кезеңге 15 бизнес жоба мен 26 демонстрациялық жоба іріктеліп алған. Нәтижесінде сарапшылардың шешімімен 4 номинация бойынша үздік бизнес жобалар анықталды. Ол:
1) Ең үздік «жасыл» бизнес жоба;
2) Ең үздік «жасыл» демонстрациялық жоба;
3) Ең үздік жасыл білім беру жобасы;
4) Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған ең үздік «жасыл» жоба;

Нәтижесінде төмендегі қатысушы жеңіске жетті. Олар:

1. Динара Абидова (Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, Ұзынкөл ауылы), «Жылыжайларда суды үнемдейтін технологияларды қолдану»;

2. Владимир Снегирев, «Тәлімбақта суды үнемдейтін технологияларды құру және энергияға тәуелсіз «Гидротаран» автономды моделін құру»;

3. Мадина Медеуова (Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Қызылөзен ауылы) «Тамшылау суару әдісі арқылы жылыжай құру және оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын жұмысқа тарту»;

4. Никита Попков және Диана Аралбаева, «Баламалы энергия көздерін пайдаланатын иновациялық «Импульс» ресурсүнемдеуші жылыжайы»;

Сонымен қатар үздік демонстрациялық жобалар бағыты бойынша 18 қатысушы жеңімпаз атанды.

Аталмыш шараны «Жасыл экономика моделіне өту аясында Қазақстанды қолдау» атты ЕО/БҰҰ ДБ/БҰҰ ЕЭК бірлескен жобаны «Женский луч» мемлекеттік емес ұйымы жүзеге асырды.

Шараны ұйымдастырушы Оксана Волкова-Михальсктің айтуынша, бұл жоба ауылдағы балалардың потенциалын байқауға мүмкіндік береді екен. Оның пікірінше, жасыл технологиялар әрбір мемлекеттің дамуына оң ықпал етеді.

«Бүгін сіздер дөңгелек үстел барысында өз жұмыстарыңыздың нәтижесін көрсетіп отырсыздыр. Бұл жоба өңірлерге оң ықпал етуде. Мұны біз сіздердің жобаларыңыз арқылы біліп отырмыз. Сіздер өз жұмыстарыңыз одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алдыңыздар. Бізде жасыл технологияларға қатысты жобалардың болашағы зор деп ойлаймыз», — деді ол.

Айта кетейік, жобаның негізгі мақсаты – күнделікті өмірде жасыл технологияларды қолдану, ауылдық жерлерде суды үнемдейтін жобаларды жүзеге асыру, жастардың потенциалын ашуға мүмкіндік беру және өңірлердегі тұрғындарға жасыл экономика туралы ақпарат жеткізу.

ЕО/ БҰҰ ДБ/БҰҰ ЕЭК «Жасыл Экономика үлгісіне өтуде Қазақстанды қолдау» бірлескен жобасын қолға алуда. Аталмыш жобаға Еуропа Одағы 7,1 млн еуро қаржы бөліп отыр. Атқарушы серіктестер – БҰҰ ДБ және БҰҰ ЕЭК. Ал шараның ұлттық серіктесі – ҚР АШМ Су ресурстары комитеті.

Жоба Қазақстандағы жасыл экономика тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған. Жобаның ұзақтығы – 2015-2018 жылдар аралығын қамтиды.

Источник: